Қазақ даласында орны ерекше мерекенің бірі-Наурыз. Отанды сүюге ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге арналған іс-шара мақсатында Первомай орта мектебінің «Балапан» шағын орталығынан бастап, жоғары сыныптар аралығында «Қош келдің, әз Наурыз» атты имандылыққа, инабаттылыққа, ізеттілік қасиеттерін қалыптастыратын мерекелік күн болып өтті. Мейрам өтетін жер салт-дәстүрге сай жабдықталды. Қыз балалар бұрымдарын екі өріммен өрсе, ұлдар тақия киіп, әр сынып жетекшілер ұлттық киімдермен келді. Бағдарлама «Адай» күйімен басталды. Әр ауылдың атымен аталған оқушылар отырысы өте тартымды болды. Не деген дастарқан десеңізші! Шіркін... Қазақ халқының дархандығы осыдан-ақ көрініп тұр. Бастауыш сынып оқушылары нақышына келтіре, жыр шумақтарын айтты. Көпшіліктің көзайымына айналған «Аққу» биі отырған қонақтарды бір серпілтіп тастады. Назирашылдық дәстүр арқылы ұмытылып бара жатқан дәстүрлер көрсетілді. Осындай мерекелік көңіл-күй сыйлаған «Алты Алпамыс» ауылы деп аталатын 9 сынып оқушылары қазақи киім үлгісімен әр көрермен көңілін аулай білді. Жүздері бал-бұл жанған балаларды көргеннен артық бақыт бар ма?! бұл фәниде. «Ауыл түбі-бірлік, қауым түбі-тірлік» деген осы. Әр шаңыраққа денсаулық пен береке, ынтымақ ала келсін әз Наурыз.